Алепарова Мейрамгүл Ақшабекқызы

Алепарова Мейрамгүл
Алепарова М.

Мейрамгүл Ақшабекқызы 1985 жылы Алматы мемлекеттік театр және сурет өнері институтының «Драма театры және кино актеры» мамандығын және 2002 жылы М.Әуезов атындағы Семей университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығын бітірген.

Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Сахна тілі» кафедрасында көп жыл ұстаздық етіп, 1996 жылы Ленинградтағы Н.К. Черкасов атындағы мемлекеттік театр, музыка және киноматография институтының «Сахна тілі және тіл мәдениеті» біліктілігі бойынша білімін жетілдірді.

Әнші-вокалистердің негізгі мамандық бойынша ұстаздары Қазақ ССР халық әртісі, профессор К. Кенжетаев, Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі, профессор Ж. Баймолдина, профессор М. Жүнісов сияқты елімізге танымал тәжірибелі ұстаздармен бірге музыкалық драма мамандарына, қуыршақ театры мамандарына дәріс беріп, бірнеше рет дарынды түлектерді бітіртіп шығарды. Сол кездің өзінде Мейрамгүл Ақшабекқызының шәкірттері Г. Саймасаева Халықаралық Яхонтов атындағы көркемсөз шеберлері байқауының лауреаты, белгілі әнші Қ. Болманов Халықаралық «Азия дауысы» байқауының лауреаты атанса, бүгінгі таңда училище қабырғасында шәкірттері А. Амангельдина, Ә. Нұрланова республикалық О. Бөкей атындағы лауреаттары, сонымен қатар дарынды шәкірттерінің бірі Ринат Заитов республикалық «Тазша бала» байқауының жеңімпазы атанды.

Мейрамгүл Ақшабекқызы 1996 жылы Алматыдан профессор Д.Тұранқұлқызы бастап келген білікті мамандардың бірі болып, М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық колледжінде театр өнері мамандарын дайындауда үлкен үлесін қосты және «Дариға-ай» жастар театрының ірге тасың қалауға аянбай еңбек етті.

Қазақ әдеби тілінің бай мұрасын жастарға сусындата отырып, Мәскеу, Ленинград театр мектептерінен алған білімін тереңдетіп, дауыстың сұлулығы, дикциясының тазалығы, физиология, психология, фониатрия, тіл техникасы саласындағы кәсіби шеберлігін театр сахнасында орынды пайдалана білді. Әсіресе, қазақтың классикалық шығармаларынан бастап, көркемсөз оқу шеберлігі саласында көптеген жас актерлерге бағыт-бағдар беріп, Республикалық «Шабыт», О.Бөкей атындағы конкурстарда лауреат атанып, бас жүлде I, II - ші орындарды жеңіп, Шығыс Қазақстан облысының намысын, қазақ тілінің абыройын аспандата білді. Лауреат атанған шәкірттері: С.Ахметова, А.Жадранова, А.Бахтинов, Е.Нұғұманов, Г.Болатбекова, Ә.Нұрланова, Н.Аптеева, Е. Құрмашев, Р.Заитов, Ә.Иманғалиев.

Сонымен қатар режиссер А.Айтибаевпен бірлесе отырып, Абайдың «Қалың елім, қазағым» атты, Шәкәрімнің «Бостандық таңы атты», тіл мерекесіне арналған «Тілім менің», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты әдеби музыкалық композициялар сахналап, жоғары бағасын алды.

2007-2008 жылы Ана тіліміздің көркеюіне қосқан үлесі үшін, қалалық және облыстық әкімінен мақтау қағазымен марапатталды.

Мейрамгүл Ақшабекқызы қазақтың бай көркем сөзі мен тіл мәдениетіне сүйене отырып, шешендік өнері бойынша қазіргі заман талабына сай сахналық қойылымдар, поэзиялық сазды композициялары үлкен жетістіктерге жетті.

Шығармашылық жұмыстары:

А.Айтибаев «Ызғарлы желтоқсан» композиция-реквием – режиссердің көмекшісі;

Абай – Пушкин «Татьянаның хаты» әдеби-сазды композиция – құрастырушы;

Абай «Қалың елім, қазағым» сахналық қойылымы – режиссердің көмекшісі;

Шәкәрім «Бостандық таңы атты» сахналық қойылымы;

Қадыр Мырза-Әлидің шығармашылығынан әдеби-сазды композиция;

Тынышбек Әбдікәкімов «Дала дауысы» сахналық қойылымы;

Бауыржан Жақып «Білтелі шамның жарығы» сахналық қойылымы;

«Абай-Михаэлис» сахналық қойылымы

И.Сапарбай «Сақта мені» әдеби-сазды композиция

М.Ибраевтың поэзиялық шығармалары

Мәуліт мерекесіне арналған «Алла сүйсең, адамды сүй» сахналық қойылымы және т.б.

Кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, профессор Дариға Тұранқұлқызы, белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, режиссер Жұлдызбек Жұманбай сынды өнер қайраткерлерінің шеберлік кластарының дәрістерін, тәжірибелік білімдерін тыңдады. 

Ұжымының алдында абыройы жоғары, тәжірибелі, жауапкершілігі мол маман ретінде қоғамдық жұмысқа белсене араласып, көркемдік кеңестің мүшесі және кәсіподақ ұйымының жетекшісі. Үнемі ізденісте жүретін, көп еңбектенетін нағыз шығармашылық тұлға.

Театр әртістері:

Алепарова Мейрамгүл Ақшабекқызы, Амантөлеуов Жанболат Фазылғалиұлы, Аптеева Назира Төлеубайқызы, Ахметова Сымбат Қажымұратқызы, Бахтинов Амангелді Талғатбекұлы, Бейсенұлы Рауан, Жадранова Айнұр Босқынбайқызы, Қасымбеков Елдос Шыңғысханұлы, Мұхамеджанова Раушан Найманбайқызы, Нұғыманов Еркебұлан Абдрахманұлы, Серікбек Арай Серікбекқызы, Серікқалиев Әділжан Серікқалиұлы, Сыбанова Қарлыға Төлегенқызы, Тасболатов Ғалымбет Дулатұлы, Тогусов Қанат Құмарұлы, Төлеубаев Дәурен Шәріпұлы, Шәріпұлы Естай

Copyright © 2008-2015
«Абай атындағы драма театры» КМҚК